Пойыз жолаушысы жолсерік зорлады деп арыз берді
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - «Алматы-Защита» пойызының жолаушысы жолсеріктің зорлағандығы туралы арыз берді, деп хабарлады ҚР ІІМ көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
«Ағымдағы жылдың 10 тамызында Защита стансасының көліктегі полиция қызметкерлеріне Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны арызданды. 31 жастағы қыз 9 тамыз күні «Алматы-Защита» жолаушылары пойызының жолсерігі күш қолданып, өзінің қызметтік купесінде бірнеше мәрте жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлегендігін айтты», - делінген хабарламада.
Қыздың мәлім етуінше жолсерік «Сарыөзек-Шар» аралығында зорлаған. Шұғыл әрекет жасаған желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері 25 жастағы Шымкент қаласының тұрғынын - пойыз жолсерігін ұстады. Сараптама тағайындалды. Егер оның кінәсі анықталатын болса, заңға сәйкес қатаң жазаланатын болады.