Пойыз жолсерігіне ақша төлеп, Ресейге есірткі алып өтпек болған Қырғызстан азаматы 15 жылға бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Пойыз жолсерігіне ақша төлеп, Ресейге есірткі алып өтпек болған Қырғызстан азаматы 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Жоғарғы соттың ресми өкілі Оксана Петерс айтып берді.
Ресми өкілдің айтуынша, Қылмыстық іс материалдары бойынша Ж.Юнусалиев атты Қырғызстан азаматы Қазақстан аумағынан өтетін «Бішкек-Мәскеу» бағытындағы жолсерігіне ішіне есірткі жасырылған сөмкені беріп, Ресей астанасына дейін жеткізуге қолғабыс етуді сұрайды. Бұл еңбек үшін жолаушы жолсерікке 6 мың қырғыз сомын төлейтін болады.
«Осы пойызды Жамбыл облысының Меркі стансасында тексерген шекарашылар одан 2 келі 190 грамм гашиш табады. Сондай-ақ шекарашылар пойыздың вагонынан ресейге кетіп бара жатқан азаматты да ұстайды. Екі келіден астам гашиш ірі көлемдегі есірткі болғандықтан, оны тасымалдаушы Ж.Юнусалиев 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады», - деді ресми өкіл.