Пойызда антисанитарияны байқаған жолаушы тасымалдаушыға шағымдана алады

«Әрбір адам пойызбен жол жүрген шығар, бірақ қолда билеттің болуы «А» пунктінен «Б» пунктіне дейін жол жүру құқығын білдіріп қана қоймайтынын әркім біле бермейді. Жолаушының құқықтары жеткілікті. Бүкіл сапар бойына ақы төленген орныңызда жайлы орналасып келуге құқығыңыз бар. Бірақ кейде темір жолдың қызмет көрсету персоналы тарапынан қарапайым және қажетті талаптардың сақталмауынан пойызда жол жүру құқықтар бұзылып жатады. Әрбір жолаушы өз құқықтарын білуі және қажет болған жағдайда қорғай білуі қажет», - делінген таратылған хабарламада.
Мәселен, жолаушылар пойызының ішінде ылғалды тазалық жұмыстары тәулігіне екі реттен кем емес, ал дәретханалар ластануына қарай тәулігіне кемінде төрт рет жүргізілуі тиіс. Кілем алашалар, жұмсақ жиһаздар шаңсорғышпен тәулігіне кемінде екі рет шаңнан тазартылады.
Пойыздарда 6 сағаттан астам уақыт жүретін жолаушылар билеттің құнына кіретін төсек керек-жарақтарымен және төсек жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Төсек жабдықтары міндетті түрде пломбаланған немесе кiр жуу орнының мөртаңбасы басылған, жинақтау күні мен жинақтаушы нөмірі көрсетiлген тігілген конвертте немесе пакетте болуы тиіс. Төсек керек-жарақтарын төсек жабдықтарынсыз пайдалануға, сондай-ақ өз төсек жабдықтарын пайдалануға жол берілмейді.
«Егер сіз пойыздарда антисанитарияны немесе жоғарыда көрсетілген талаптардың сақталмауын байқасаңыз, батыл түрде тасымалдаушыға жүгіне аласыз. Сондай-ақ жолаушының қауіпсіздігіне немесе денсаулығына залал келтірілген жағдайда жолаушының тасымалдаушыға наразылық білдіруге құқығы бар. Бұл ретте наразылықта жолаушының өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талапты көрсету, жолда жүру құжатының (билеттің) түпнұсқасын және қажет болған жағдайда оқиға туралы актіні қоса беру қажет. Егер тасымалдаушы аталған бұзушылықтарға ден қоймаса және оны жоймаса, онда жолаушы аумақтық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады», - деп нақтыланған комитеттің ақпаратында.