Пойызда мас болып, жолаушылардың мазасын алған 4 адам қамауға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері алькогольді ішімдік ішкен төрт ер адамды Алматы - Саратов бағытындағы пойызда орта жолдан түсіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Алматы-Саратов бағытындағы жолаушылар пойызынан қоғамдық тәртіпті бұзған төрт ер адамды алып қалған. Олар Ақмола және Батыс Қазақстан облысының тұрғындары болып шыққан.

«Тексеру кезінде анықталғандай, құқық бұзушылар мас күйінше әдепсіздік көрсетіп, былапыт сөздер айтқан. Жасалған ескертуді елемей жолаушылардың мазасын алған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, олар «орташа деңгейде» мас болып шықты», - делінген хабарламада.

Ұсталғандардың үстінен екі әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушылар ұсақ бұзақылығы мен қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес, олардың әрқайсынына 5 АЕК (12 625 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, Түркістан қаласының мамандандырылған сотының шешімімен олар әкімшілік қамауға алынды.

Көліктегі полиция департаменті жыл басынан бері әуе және теміржол нысандарында 5142 құқықбұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олардың ішінде 590-ы қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, көзге түскен.

Соңғы жаңалықтар