Пойыздар жыл басынан 36 рет шұғыл түрде тоқтаған - ҚР ІІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі теміржол бойында болатын төтенше және апатты жағдайлардың себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл басталғалы көліктегі полиция департаментінде пойызды шұғыл тежеудің 36 фактісі тіркелді. Оның ішінде адамға қатысты – 7 факті, үй жануарларына қатысты – 26 және стоп-кранды басудың 1 фактісі тіркелді. Сондай-ақ вагондардың рельстен шығып кетуімен байланысты – 1, теміржол бойында бөгде заттың болуына қатысты 1 жағдай болды. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан жыл сайын теміржол мен оның маңында адамдар жарақат алып, қаза болу оқиғалары тіркеліп жатады», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, теміржол бойында апатты жағдайлардың жиілеуі қауіпсіздік ережелерін сақтамаумен байланысты.
«Мәселен, 5 қаңтарда Қызылорда облысының Шорнақ – Түркістан аралығында жүк пойызының машинисі белгіленбеген жерден өтпен болған жолаушыны қағып кетті. Ер адам аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақатынан көз жұмды», - дейді ол.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің «Теміржол қозғалысы қауіпсіздігінің ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.