Прагада өткен конференцияға Сенат депутаты, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасының Жеке өкілі Әділ Ахметов қатысты
АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Таяу күндерде қоғамдық саладағы антисемитизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі Прагада өткен жоғары деңгейдегі конференцияға ҚР Парламент Сенатының депутаты, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төрағасының мұсылмандарға қатысты төзбеушілік және кемсітушілікпен күрес жөніндегі Жеке өкілі Әділ Ахметов қатысты.
Литва төрағалық ететін ЕҚЫҰ ұйымдастырған шараға Ұйымға қатысушы 32 елдің делегаттары, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдар өкілдері келді. Конференцияның күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау барысында толеранттықты қамтамасыз ету және ілгерілетудегі, антисемитизмге қарсы күрестегі күш-жігерді қолдауға бағытталған тетіктерді қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аталып өтілді.
Пікірсайыс барысында сөз алған Ә.Ахметов бұл саладағы ақпарат ресурстарының деректер беру тәжірибесі антисемиттік ыңғайдағы шаралардың жолын кесуге емес, оны қоздыруға ықпал ететінін атап өтті. Сенатордың айтуынша, нәсілшілдік, ксенофобия, антисемитизм және төзбеушіліктің басқа да түрлері бір құбылыстың алуан қырлары болып табылады. Ол сондай-ақ Холокостқа әкеп соққан антисемитизмді зерделеу толеранттықты ілгерілетуге және төзбеушіліктің, нәсілшілдіктің және ксенофобияның жолын кесуге ықпал ететін білім берудің маңызды бөліктері бола алатынын туралы пікірін білдірді.