Практик-мамандарды даярлауға арналған ілкі жоба қалай жүзеге асырылуда - ғылым вице-министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бакалавриат студенттерінің практикада білім алуын қамтамасыз ететін пилоттық жоба еліміздің 7 университетінде іске қосылды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еңбек нарығын практик-мамандармен қамтамасыз ету үшін осы жылдың қыркүйек айынан бастап, пилоттық режимде жоғары білім дәрежесінде қолданбалы бакалавриат бағдарламасы жүзеге асырылуда. Пилоттық жоба 7 университет негізінде іске асырылып жатыр. Бұл бағдарлама негізінде жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылып отыр, практикада білім алу принципі қолданылуда.
Сонымен қатар, осы жылдың қыркүйек айынан бастап, пилоттық режимде 4 университет негізінде интегральды GPA енгізілді. Оқытудың нәтижесі - академиялық, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік GPA симбиозы болады. Бұл шара студенттердің университеттердегі стартап-жобаларға, жобалық, ғылыми-зерттеу, спорттық, әлеуметтік және волонтерлік жұмыстарына қатысуына ықпал етеді», - деп атап өтті Қуаныш Ерғалиев.
Қоса кетсек, бұған дейін вице-министр биыл еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуы үшін 490 шетелдікке грант берілгенін мәлімдеген еді.