Праймериз: Қостанай облысында екі күн ішінде 367 өтінім түсті
Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаевтың айтуынша, белсенді және бастамашыл азаматтарға қолдау көрсету үшін өңірде арнайы жобалар қолға алынды. Сонымен қатар ол праймериздің аймақта қалай басталғаны туралы айтты.
«2019 жылы Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Тұңғыш Президент – Елбасы ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы іске қосылды. Осы ретте, еліміздің саяси тарихында тұңғыш рет праймериз, республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Жаңа форматтағы ішкі іріктеуге Қостанай облысынан алғашқы екі күнде 367 үміткер ұсынылған. Праймериздің негізгі мақсаты – «Мықты көшбасшы-күшті партия» қағидаты бойынша әлеуетті көшбасшыларды, елдің даму мәселелерін талдауға бұқараны кеңінен тарту. Аймақтарда жүйелі жұмыс жүргізу үшін өзекті проблемаларды анықтау. Үміткерлер праймеризге бастауыш партия ұйымдары арқылы да, өзін-өзі ұсыну жолымен де қатыса алады», - деді Ж.Күзенбаев.
Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті барлық партияластарын праймеризге қатысуға шақырды.
Елбасы атап өткендей, Nur Otan партиясы өз ісінің кәсіби шеберлерін, беделді көшбасшыларды, елдің тағдырына жаны ашитын адамдарды, шешім қабылдай алатын және сындарлы ұсыныстар бере алатын жаңа тұлғаларды билікке ұсынудың қайнар көзі болуы қажет. Еліміздің алдында пандемиядан кейін экономикалық өсімді қалпына келтіру, жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнестің жұмысын жандандыру міндеті тұр. Осының бәрі партияның сайлауалды бағдарламасына кіріп, нұротандықтардың алдағы 5 жыл қызметіне алғышарт болады.