Праймериз шарасының өзге азаматтарға берері не: «Nur Otan» хатшысы 5 сұраққа жауап берді
«Nur Otan» партиясының жұмысы мен праймериз төңірегінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарық көріп жатқан пікірталастарды бақылап отырмын. Соның барысында туындап жатқан түрлі ойлар мен пікірлер аз емес. Сондықтан кейбір мәселелерді түсіндіре кеткенді жөн көрдім»,-дей келе Әлібек Әлденей праймериз шарасына қатысты ойын былайша өрбітеді:
БІРІНШІ. Мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу ықтималдығы туралы. Түрлі «болжамдарға» қарамастан, бұл жерде барлық мәселе анық. Былтырғы тамызда Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сайлау конституциялық мерзімде өтетінін» нақты атап өткен.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес (85-бап, 2-т.) кезекті сайлауды Республика Президентi Мәжiлiс депутаттары өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiнен кемiнде бес ай бұрын белгілейді және ол екi айдан кешiктiрілмей өткiзiледi. Ал, алтыншы шақырылымның өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың наурызында аяқталатынын естеріңізге сала кетейін.
ЕКІНШІ. Праймеризге қатысты. Қазіргі кезде 10 мыңнан астам қазақстандық оған қатысуға тілек білдіріп, тиісті өтініштерін тапсырды. Еліміз бойынша «Nur Otan»-ның партиялық тізімдеріне 1 орынға 4 адамнан келетін орташа коэффициент бар. Ал қатысуға ұсыну кезеңі 28 тамызда аяқталады. Барлық қажетті ақпарат primaries.kz веб-порталында орналастырылған.
Әлеуметтік желілерде «Nur Otan» партиясы праймеризінің қаржыландыру көздері туралы да сауал жиі кездеседі. Бұл шара мемлекеттік бюджет есебінен өткізіліп жатқаны жайлы да пікірлер айтылып жүр.
Түсіндіре кетейін, праймериз – партияішілік сайлау. Осыған орай, ұйымдастыру шығындары партияның өз қаржысы, соның ішінде мүшелік жарна есебінен жабылады. Өз кезегінде үміткерлердің үгіт-насихат науқаны тек олардың өз есебінен жүргізіледі.
ҮШІНШІ. Праймериз процедураларының ашықтығы мен әділдігіне күмән келтіруге қатысты. Праймериз – партиямызды «қайта жандандыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Біз партияішілік сайлаудың ашық және бәсекелестік негізде, барлық қатысушыға тең мүмкіндік беріліп, ереженің қатаң сақтала отырып өткеніне мүдделіміз. Партиялық тізімге шынайы қоғамдық қолдауға ие әрі қажетті кәсіби біліктілігі бар азаматтардың кіргені маңызды.
Әкімшілік және өзге де араласу ықтималдығына жол бермейтін тетіктер жасалған. «Праймериз» ақпараттық жүйесі онлайн форматта «құпия дауыс беру» принципін қамтамасыз етеді.
Ереже бұзылғаны немесе фальсификация анықталған жағдайда, тіпті дауыс беру нәтижесін жоққа шығаруға дейінгі тиісті шаралар қабылданады. Бұл өкілеттілік барлық аймақтарда өзінің жергілікті комиссиялары бар Партиялық бақылау комитетінің құзырында. Сонымен қатар, сырттай «Nur Otan» жақтастары Лигасы бақылау жасайды.
ТӨРТІНШІ. Көпшілікті саяси партиялардың тізіміндегі тұлғалар емес, тек қана сайлауалды бағдарлама қызықтырады деген пікір бар. Бұған келіспеймін.
Партия – ең алдымен, ортақ мақсаттар мен міндеттердің, құндылықтар мен жауапкершіліктің маңында біріккен адамдар. Партияның орталықтағы және өңірлердегі сайлауалды бағдарламаларына олардың осы идеялары, көзқарастары мен жобалары өзек болады.
Пропорционалды сайлау жүйесі аясында азаматтарды да, идеяларды да бәсекелестік негізде партия ішінде іріктеудің барынша тиімді тетігі, тиісінше, осы праймериз. Біз жергілікті жердегі сайлаушылар жақсы білетін және сенім артып өз дауысын беретін нақты өкілдердің тізімін қалыптастырамыз. Яғни бұлар – сайлауалды уәдесін іске асыруға жауапты көшбасшылар.
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, жуырда жасаған үндеуінде де тап осы туралы айтты. Партия өз ісінің шеберлерін, ел тағдырына алаңдайтын тұлғаларды, шешім қабылдай алатын және конструктивті ұсыныстар жасай алатын жаңа азаматтарды билікке ұсынатын қайнар көз болуы тиіс. Шынтуайтында, осының бәрі партияны «қайта жандандыру» бағдарламасы шеңберінде көзделген «Мықты лидерлер – Мықты партия» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.
БЕСІНШІ. Әлеуметтік желілердің кейбір қолданушылары «егер «Nur Otan» праймеризіне тек партия мүшелері ғана қатысатын болса, онда Қазақстанның өзге азаматтарына олардан не пайда келеді?» дейтін сауал қояды.
Осы тұста тағы да келесі мәселеге назар аудартқым келеді. Партия нақты «әлеуметтік лифтті», саяси амбицияларды, идеялар мен жобаларды жүзеге асыру үшін мүмкіндік ұсынады. Кез келген адам өзінің саяси көзқарасына, мүддесі мен қалауына байланысты саяси ұйымды таңдауға құқылы.
«Nur Otan» партиясы баршаға ашық.
Қосылыңыздар, праймеризге қатысыңыздар!