Праймериз: Жетісулықтар сайлауалды бағдарлама жобасына 400-ге жуық ұсыныс білдірді
7 қыркүйектен бастау алған партияішілік іріктеудің үгіт-насихаттық жұмысында қатысушы үміткерлер тұрғындардан 400-ге жуық ұсыныс тілектерін жинап үлгерді.
Жол, ауыз су, электр жарығы, сапалы білім берумен денсаулық сақтау жүйесіне өзгерістер енгізу сынды өзекті мәселелерден құралған жетісулықтардың аманатын алдағы уақытта үміткерлер аудан-қалалық сайлауалды бағдарлама жобасына толықтыру енгізуді жоспарлап отыр.
Өңірде ұсыныс білдірген аудандар қатарында Қарасай, Алакөл, Талғар ауданымен, Талдықорған қаласы көш бастап, әр қайысында 30-дан аса ұсыныс тілектер түскен. Сонымен қатар, праймериз туралы аудан-қалалардан 33 ұсыныс, жалпы партия жайында 4 ұсыныс келіп түскен.
Сайлауалды бағдарлама арқылы қоғамның түрлі саласындағы мәселелердің шешілуін қозғаған партиялықтар қазіргі таңда жер-жерлерде кездесулер өткізіп, жобаны түсіндіріп өтіп, 44 мыңнан астам адамды қамтып отыр. Аталған кездесулер одан әрі жалғасын таппақ.
Естеріңізге сала кетсек, «Nur Otan» партиясы 17-тамыз бен 3-қазан аралығында партия ішілік іріктеу – праймериз өткізуде. Оған Алматы облысынан 1090 үміткер қатысуда.