Премьер Денсаулық министрлігіне отандық медицина жетістіктерінің ақпараттық насихатталуын күшейтуді жүктеді
АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі отандық медицина жетістіктерін ақпараттық насихаттауды күшейтуі қажет.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов айтты.
Соңғы уақытта еліміздің денсаулық сақтау саласында аз жұмыс атқарылмағандығын, кардиохирургия, трансплантология, көліктік медицина қарқынды дамып келе жатқандығын баса айтқан С.Ахметов: «Әкімдерден тікұшақтардың ұшып-қону алаңдарымен байланысты мәселеге тыңғылықты қарауды сұраймын», - деді.
Үкімет басшысының атап өтуінше, елімізде скринингтік бағдарлама енгізіліп, қазіргі уақытта тиімді жұмыс істеуде. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің тізбесі кеңейген.
«Дегенмен, медициналық қызмет сапасына жақсарту бағытында жұмыс істеу қажет. Бұл жайында бірнеше рет айттық та. Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру керек. Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жұмыстарды күшейтуі тиіс. БАҚ арқылы қажетті жаңашылдық, жалпы отандық медицинаның жетістіктері туралы хабарлауы қажет», - деді С.Ахметов.