Премьер-Министр 2010 жылы банк жүйесінің төлемпаздығын қамтамасыз ету және құрылыс секторын тұрақтандыру жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов 2010 жылы банк жүйесінің төлемпаздығын қамтамасыз ету және құрылыс секторын тұрақтандыру жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дағдарысқа қарсы шаралардың аясында 2007-2009 жылдары экономикаға айтарлықтай мол ақша бөлінді. 2010 жылы кенеттен «ғажайыптың» болу ықтималдығы және ақшаның біздің банктерге өзендей құйылатыны күмәнді. Сондықтан, осыны және Стрестік активтер қоры аясында біз қабылдаған шешімдерді ескеріп, банк жүйесінің төлемпаздығын қамтамасыз ету және 2010 жылы отандық бизнесті қалыпты несиелеу жөнінде ұсыныс әзірлеу қажет», деді отырыста Премьер-Министр.
Сонымен қатар, Елбасы кеше құрылыс секторын одан әрі қалай ілгерілетуді пысықтау жөнінде тапсырма бергенін айта келе: «Біз 2007-2009 жылдары негізінен нысандардың құрылысын салып бітіру мәселесін шұғыл шештік және шешімдер табысты болды. Енді құрылыс секторы келешекте қалай дамиды, қандай капитал салу қажет деген мәселені пысықтауды сізге тапсырамын. Өйткені, сайып келгенде оған қазір мемлекеттен басқа ешкім көмектеспейді», деді Үкімет басшысы бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке қаратып айтқан сөзінде.
К. Мәсімов мемлекет тарапынан құрылыс секторына көрсетілген ауқымды көмекке қарамастан ипотекалық несиелеу саласында, үлестік құрылыс саласында наразылар барын атап өтті. «Мен сізден әкімдермен, банктермен бірлесіп, осы мәселелер туындап отырған өңірлермен, ең алдымен Астана мен Алматы қалаларымен, Алматы және Ақмола облыстарымен жұмыс істеуді өтінемін. Мүмкіндік бар жерде бізге шұғыл шешімдер қабылдау қажет. Біз ресурстарды бөлгенімізбен, сонда да мәселелер туындап жатса, онда іс соңына дейін жетпей жатыр дегендік. Бұл проблеманы биыл жабу қажет. Бұны Өмірзақ Естайұлы, Сізге жүктеймін», деді К. Мәсімов.