Премьер-Министр 2014 жылдан бастап ішкі нарықтың жанар-жағармайға сұранысын отандық өндіріспен қамтамасыз етуді тапсырды

АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің алдына 2014 жылғы қаңтардың 1-нен бастап ішкі нарықтың жанар-жағармайға сұранысын отандық өндірістің өнімдерімен қамтамасыз ету міндетін қойды. Ол бұл тапсырманы аталмыш министрліктің бүгінгі алқа мәжілісінде берді,

Премьер-Министр 2014 жылдан бастап ішкі нарықтың жанар-жағармайға сұранысын отандық өндіріспен қамтамасыз етуді тапсырды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алқада еліміздегі мұнай өңдейтін үш зауытты жаңғырту өзекті мәселе екенін айтқан Үкімет басшысы: «Екі зауыт бойынша принципті шешім қабылданды. Атырауда жұмыс басталып кетті, Шымкентте жұмысты тездетіп қолға алу қажет. Павлодарда келіссөзге қол жеткіздік. Ендігі міндет мынадай: уәде еткендеріңіздей, 2014 жылғы қаңтардың 1-нен бастап ішкі нарықтың жанар-жағармайға сұранысын отандық өндірістің өнімдерімен қамтамасыз етуге тиіспіз», деді.

Бұл орайда, Премьер-Министр Мемлекет басшысының 2009 жылдың желтоқсанында төменгі октанды жанар-жағармайдың бағасын тұрақтандыру жөніндегі министрлікке берген тапсырмасы орындалғанын жеткізе келе, осылай ілгерілеу керектігін айтты. Бұдан бөлек, Үкімет басшысы қазір жанар-жағармай бағасын тұрақтандыруға қатысты заң жобасы әзірленіп жатқанына тоқталып, оны қазіргі нақтылықты көрсететіндей етіп бейімдеу керектігін атап өтті. «Біз депутаттардан осы үдерістердің барлығын заңдастыруды өтінеміз», деді ол.

Үкімет басшысы жанар-жағармай бағасын тұрақтандыруға қатысты халықтың көңіл-күйі жақсы екенін жеткізді. «Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды, сәл босаңсысақ, жағдай күрделеніп кетеді», деді ол.