Премьер-Министр Ақтөбенің Хромтау ауданындағы фабрикаға барды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Хромтау ауданында ашылған Дөң тау-кен байыту комбинатының шламдарын өңдеумен айналысатын «Қазхром» ТҰК» АҚ бірегей байыту фабрикасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл сайын хром кенін майдалау процесінде Дөң тау-кен байыту комбинатында шамамен 900 мың тонна шлам жиналады.
Қазіргі уақытта жалпы көлемі 14,5 млн тоннаны құрайтын оның құрамында 35%-ға дейін хром оксиді бар.
Озық стандарттар бойынша технологиялық және автоматтандырылған байыту фабрикасы шламдардан гравитациялық әдіспен хром оксидін алуға мүмкіндік береді. Алынған тауар концентратында кем дегенде 48,5% хром оксиді болады.

Жалпы жаңа кәсіпорын жұмыс істеп тұрған өндірістердің қалдықтарын және бұрыннан жиналып келген шламды жылына шамамен 1,7 млн тонна көлемінде қайта өңдеп отыруға мүмкіндік береді.
Премьер-Министр зауыттың жергілікті экологияны жақсаруға айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.

«Бұл жобаның маңызы зор. Ең бастысы – қайта өңдеуден кейін қалдықтардың қоймаларын қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына зиян келтірмейтіндей етіп, барлық экологиялық стандартқа сәйкес қалпына келтіру қажет. Үкімет осы және басқа да шикізатты қайта өңдеу жобаларына жан-жақты қолдау көрсететін болады», - деді Әлихан Смайылов.

