Премьер-Министр: Ауыз су жобаларын аяқтау ісінде шикілік көп
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақмола облысы су тазарту құрылыстарын 10 жылдан бері аяқтай алмай келеді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кетті. Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр.
«Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде де шикілік көп», - деген Әлихан Смайылов бірнеше мысал келтірді.
«Мұның айқын мысалы ретінде Ұлытау облысындағы Есқұла су құбырын, Қызылорда облысындағы Талап су құбырын, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов су құбыры мен Соколов су құбырының 2-ші кезеңін айтуға болады.
Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр», - деді Үкімет басшысы.