13:19, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Премьер-Министр Бәсекелестікті қорғау агенттігіне Қазақстанда авиаотын бағасының көтерілуіне байланысты тексеру жүргізуді тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігіне Қазақстандағы авиаотын бағасының көтерілуіне байланысты тексеру жүргізуді тапсырды.
Ол бұл тапсырманы бүгін Көлік және коммуникация министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, алқа мәжілісінде министр Серік Ахметов 2008 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қазақстанда авиаотынның бағасы тұңғыш рет орташа еуропалық деңгейден асып түскенін айтты. Оның пікірінше, бұл мәселені реттеу үшін елімізде авиаотын өндірісін ұлғайту жөніндегі шараларды қабылдау қажет.
Министрдің сөзін тыңдаған Үкімет басшысы: «Бәсекелестікті қорғау агенттігіне осы мәселе бойынша тексеру жүргізіп, оны маған баяндауды тапсырамын. Біздің елде керосиннің бағасы орташа еуропалық бағадан қалайша қымбат болып отыр, бұл қайдан шыққан баға?» деді.
Министрліктің анықтамасы: Қазақстан әуежайларында авиакеросиннің бағасы 2008 жылдың 4-ші тоқсанында тоннасына 650-750 АҚШ долларын құрады. Осы кезеңде Еуропа мен Азия рыноктарында авиакеросиннің 1 тоннасының бағасы - 425-500 доллар болған. Біздегі баға 25-30 пайызға жоғары.