Премьер-министр басқаратын Автономдық кластерлік қор құрылады

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының таныстырылымы болып өтті.

Премьер-министр басқаратын Автономдық кластерлік қор құрылады

Аталған құжат «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін, арнайы экономикалық аймақтың басқару ерекшелігін және осы арнайы экономикалық аймақты басқару органының коммерциялық емес ұйымға өту жолдарын айқындайды.

Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, құжатты әзірлеу барысында инновациялық кластерлерді дамыту саласындағы халықаралық тәжірибеге талдау жүргізіліп, Ресей, Беларусь, Франция, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттердің арнайы экономикалық аймақтар жұмысы зерттелген.

Заң жобасымен «автономдық кластерлік қор», «инновациялық кластер», «инновациялық кластерге қатысушы» секілді ұғымдар енгізу көзделеді. Бұл ретте коммерциялық емес ұйым болып табылатын Автономдық кластерлік қор Инновациялық технологиялар паркінің басқарушы органы ретінде қарастырылады. Өз кезегінде Парк индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыратын инновациялық кластерге қатысушыларды біріктіреді. Ал ел Үкіметінің басшысы жетекшілік ететін Басқарушы комитет құрамына құрылтайшылар өкілдері, ғылым мен педагогика саласының қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, басқа да тұлғалар кіре алады.