Премьер-Министр цифрлық технологияларды қолданатын кәсіпорындарды ынталандыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды
«Қазіргі уақытта, әлемдік экономикада тауар айналымының өсу қарқыны жаһандық экономиканың өсу қарқынынан да төмен деңгейге дейін баяулап жатыр. Алдағы жылдары өткізу нарықтарының өсу қарқыны есебінен экстенсивті даму шектеулі болады. Сондықтан сыртқы сұраныс үшін бәсекелестікке көп мән беріледі», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр осыған байланысты өнімнің сапасы мен түрлері, қосылған құн көлемі мен бәсекеге қабілеттілігі бірінші орынға шығатындығын айтты
«Біз үнемі мониторинг жүргізіп, ұлттық өндірістік әлеуетімізді және оның технологиялық әлеуетін арттыруымыз қажет. Осы бағыттағы статистика мен халықаралық рейтингтер үнемі бақылауда болуы тиіс. Сондықтан жаңа технологияларды өндірістік процеске енгізу - біздің маңызды міндетіміз.
Осыған орай Индустрия министрлігіне бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, цифрлық және инновациялық технологияларды қолданатын кәсіпорындарды қосымша ынталандыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Цифрлық даму министрлігі өндірістік процеске озық технологияларды, әсіресе, роботтар мен жасанды интеллектті енгізу деңгейіне мониторингті күшейтсін», - деді ол.
Асқар Мамин Мемлекет басшысы Үкіметке жылдың соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң әзірлеуді тапсырғанын да атап өтті.
«Заң жобасын әзірлеу кезінде стратегиялық басымдықты, негізгі индикаторларды анықтау, сондай-ақ өнеркәсіптің жаңа секторларын қолдау шараларын кеңейту өте маңызды. Индустрия министрлігіне қазанның соңына дейін заң тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.