Премьер-Министр: Дағдарыс бізді төңіректеп жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дағдарыс бізді төңіректеп жүр. Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, бірлескен отырыста Үкіметтің былтырғы жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі талқыланған болатын.
«2007-2008 жылдардағы, 2009-2010 жылдардағы дағдарыстардың бір бірінен біршама айырмашылықтары бар. 2007-2008 жылғы жаһандық дағдарыс ең алдымен америкалық нарықта пайда болды, бәріміз субстандартты кредиттер, қаржылық сектор туралы білеміз. Одан кейінгі кезеңдегі дағдарыс еуропалық нарықтағы, Еуропа мемелкеттеріндегі борыштық міндеттемелермен тікелей байланысты. Ал қазіргі 2014-2015 жылдары дамушы елдердің уақыты да келген тәрізді. Ең бірінші бұл біздің айналамыздағы елдердің рыноктары: Ресей, Қытайға да қатысты», - деді К. Мәсімов. Бұл ретте Үкімет басшысы Ресей экономикасының бәсеңдегенін, Қытай қарқыны да төмендеп тұрғанын алға тартты. Премьердің сөзіне қарағанда, бұл дағдарыс толқыны аталған елдердің компаниялар қызметіне де, ірі тауар өндірушілерге де әсер етпей қоймайды. «Біз бес айдың қорытындысында да негізгі тауар өндірушілеріміздің Ресейге, басқа елдерге экспортында біршама өзгерістер орын алып отырғанын байқаймыз. Ал бұл құлдыраудың жағымсыз салдарынан құтылу үшін біз өз жұмысымызды төрт бағыт бойныша жоспарлап отырмыз. Оның біріншісі - біздің дәстүрлі экономика секторын қолдау. Соңғы 2,5 жарым жылда біз еліміздің барлық тауар өндірушілермен кездестік. Олардың сұрақтарын тыңдап шықтық, шешуге тиісті мәселе де бізге белгілі», - деді К. Мәсімов.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы екінші бағыт ретінде өңдеуші өнеркәсіп секторын атады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Ұлттық қордан 1 трлн. теңге қаражат бөлу туралы теңдессіз шешім қабылдағаны есте. Бұның басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға бағытталатын болады.
«Үшінші бағыт - инновациялық, ғылыми қамтымды экономиканы дамыту. Бұл - келешек экономикасы, одан бірден нәтиже күтуге де келмейді. Сондықтан да, оның қайтарымы да келешектің үлесінде. Төртінші бағыт - қызмет көрсету секторы мен шағын және орта бизнесті дамыту. Бұнда да біз осы бағыт үшін тың серпін қадамдарын жасауға тиіспіз. Шағын және орта бизнес үшін процедураларды жеңілдетіп, қаржыландырудың қосымша арналарын аша түсуге тиіспіз. Халықарлық қаржы құралдарын да тартамыз, жұмыс жалғасуда. Дәл осы төртінші бағыт жұмыс орындарын құрудың негізгі фокусы. Шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласы дамуға дем бере алады», - деді Кәрім Мәсімов.