Премьер-Министр Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткішін жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды

АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткішін жақсарту бойынша жұмыс шеңберінде әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Премьер-Министр Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткішін жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды

Ол бұл тапсырманы бүгін Үкімет отырысында берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Үкіметтің кәсіпкерлікті дамыту және қолайлы бизнес-орта жасау жөніндегі жұмысы аясында Дүниежүзілік банктің бизнесті оңай жүргізу рейтингінде Қазақстанның көрсеткіштерін жақсарту жұмысы маңызды бағыттардың бірі болып табылады.  «2009 жылғы қыркүйектің 9-ында Дүниежүзілік банк жыл сайынғы Doing Business - 2010 рейтингісінің нәтижелерін жариялады. Қазақстан 70-ші орыннан 63-ші орынға ауысты. Бастан өткерген жеті кезеңнің біреуі ғана тікелей осы жылдың реформаларына тиісті болғанына қарамастан дағдарыс жағдайында, әсіресе Шығыс Еуропа өңірі мен ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда, бұл жаман нәтиже емес», деді министр.

Б. Сұлтанов  бұл көрсеткіш кешенді жүргізілген жұмыстың қорытындысы екенін, бұған осы жылы негізінен үш көрсеткіштің нәтижесінде қол жеткізілгенін атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, «құрылысқа рұқсат алу»  34 тармаққа өсті, «салық салу» - 9 тармаққа, «келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету» - 3 тармаққа және «кәсіпорындарды тіркеу» 1 тармаққа көбейді.

 «Өкінішке орай, біздің жетістіктеріміздің көпшілігін Дүниежүзілік банк ескермеді. Мәселен, «Меншікті тіркеу» индикаторы бойынша рәсімдердің нақты саны бүгінде үшеу, оларға 16 күн тиісті, алайда, оның есебінде мерзімі 40 күн болатын 5 рәсім көрсетіліп тұр. «Халықаралық сауда» индексі бойынша рұқсат беру құжаттарын алуға берілетін өтініштерді қарау мерзімін қысқарттық. «Салық салу» индикаторы бойынша 2008 жылдан бастап әлеуметтік салықты және 2009 жылдан бастап корпоративтік салықты азайту есебінен компаниялар үшін салық жүктемесі азайды», деді министр.

 «Бүгін біз Дүниежүзілік банкпен дөңгелек үстел ұйымдастырып, қол жеткізген нәтижелерді талқылауды жоспарлап отырмыз. Бизнес-ахуалды жақсарту жолдарын бірлесіп тауып, оларды келесі жылдың рейтингісінде тиісінше көрсетудің маңызы зор», деп толықтырды сөзін ол.