Премьер-Министр ЭБЖМ-не әлемдік экономиканың дамуының және оның Қазақстанға ықпалының екі сценарийін әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне (ЭБЖМ) әлемдік экономиканың дамуының және оның Қазақстанға ықпалының екі сценарийін әзірлеуді тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп бір айдың ішінде әлемдік экономиканың дамуының және оның салдарының Қазақстан экономикасына ықпалының екі сценарийін әзірлеуді тапсырамын. Оны алдымен тамыздың ортасында Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысына, содан кейін тамыздың соңында Үкіметтің отырысына шығару қажет», деді отырыста Премьер-Министр.
Үкімет басшысы, бірінші нұсқада әлемдік экономиканың біртіндеп тұрақтанып келе жатқаны, мұнайдың бір баррелінің бағасы 60-70 доллар деңгейінде, Қазақстан экспорттайтын негізгі шикізаттық металдардың бағасы қазіргідей деңгейде сақталатыны қамтылуы тиістігін айтты. Бұл оң сценарий. К. Мәсімовтың айтуынша, екінші нұсқада тамызда әлем үшін дағдарыстың екінші, ал біздің еліміз үшін үшінші толқыны басталатыны, Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдерінің күйі қаша бастайтыны, мұнайдың бір баррелінің бағасы 40 долларға оралатыны қарастырылуы тиіс. «Біз кез-келген дамуға дайын болуымыз үшін Экономика министрлігі есеп-қисабын жүргізген, Экономикалық саясат жөніндегі кеңес және Үкімет мақұлданған екі сценарий болуы тиіс», деді К. Мәсімов.