Премьер-Министр еліміздің барлық аймақтарын соңғы буындағы байланыс түрлерімен қамту тапсырмасын жүктеді
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Премьер-Министр соңғы буындағы байланыс түрлерін тек Астана мен Алматыда орнатумен шектелмей, сонымен қатар елміздің барлық облыс орталықтарын да қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл тапсырманы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бүгін Астанада мобильдік WiМax (4G) жобасын таныстыру кезінде жүктеді.
Соңғы кезде нарықта интернетті дамытуға байланысты, электрондық байланыстың жаңа түрлерін енгізу бойынша жаңа өнімдер пайда болғанына тоқталған Үкімет басшысы, «менің ойымша, бүгін таныстырылып отырған мобильдік WiМax жобасын енгізу, біздің қоғамды дамытудағы кезекті қадамдардың бірі. Мен осындай жаңа бастамалардың барлығын қолдаймын», деді.
«Елімізде 3G іске қосылды, сондай-ақ ілкі жобалық режимде төртінші буынның байланысы жүзеге асырылуда. Бұл байланыс тұрақты түрде қызмет көрсететін мезгіл де алыс емес. Осы ора йда әр азаматта интернетке қосылу үшін байланыстың бірқатар түрін пайдалану мүмкіндігі болады»,-деп атап өтті К. Мәсімов.
«Меніңше, бұл атқарылып жатқан шаралар Қазақстанды алға жылжытуға мүмкіндік жасайды. Атап айтқанда Тәуелсіздік күні сандық телеарнаның жобасын іске қосамыз. Бұл шаралар өз кезегінде бізге алға қарай тағы бір кезекті қадамды жасауға мүмкіндік береді. Онысыз біздің еліміздің бәсекеге қабілеттілігі туралы айту қиын болар еді»,-деді Үкімет басшысы.
Осы тұрғыда Премьер-Министр білім берудегі бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша үлкен жоба атқарылып жатқандығын жеткізді. «Қазіргі кезде мектеп оқушылары үшін планшеттік компьютерлерді енгізуге байланысты жұмыстарды істеп жатырмыз»,-деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысы сөзін қорытындылай келе, бұл соңғы буынды байланыс түрлерін тек Астана мен Алматыда орнатумен шектелмей, еліміздің барлық облыс орталықтарын қамтамасыз ету тапсырмасын жүктеді. Сонымен қатар Үкімет басшысы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевке еліміз бойынша компьютерлік сауаттылықты арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.