Премьер-Министр энергетика саласында салынып жатқан бірқатар нысандардың құрылысын тездетуді тапсырды
А. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне энергетика саласында салынып жатқан бірқатар нысандардың құрылысын тездетуді тапсырды. Ол бұл тапсырманы аталмыш министрліктің бүгінгі алқа мәжілісінде берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Салынып жатқан нысандардың ішінде «Бейнеу-Бозой» газ құбырының жобасына айрықша назар аудартқым келеді. Бұл бойынша барлық құжаттарға қол қойылды, принципті шешімдер қабылданды. Сондықтан да ілгері жылжу қажет», деді К. Мәсімов.
Осы орайда Үкімет басшысы «аталмыш жоба газ экспорты бойынша еліміздің тұрақтылығын арттыратынын» атап көрсетті.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Атыраудағы мұнай-химия кешенінің маңызы зор екенін атап көрсетті. «Бұл мәселе созылып кетті, оны тездету қажет», деді ол. Бұдан бөлек Үкімет басшысы Ақтаудағы битум зауытының құрылысын тездетіп аяқтау қажеттігін айтты. «Бұл зауыт бізге «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомобиль жолын салуда өз өнімімізді пайдалану үшін қажет», деді ол.