Премьер-Министр: Энергия тапшылығын көрші елдердің көмегімен шешіп отырмыз
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірнеше министрлік пен «Самұрық-Қазына» қорына қазан айының соңына дейін «инвестиция орнына тариф» саясатын іске асырудың нақты механизмін ұсынуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші. Қазіргі кезде электр қуатының тапшылығы көрші елдердің энергия жүйесі арқылы шешіліп келеді.
Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, жыл соңына дейін энергияны тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етуі қажет.
Екінші. Энергетика министрлігі салаға ең көп салмақ түсетін маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту шараларын қабылдасын.
Үшінші. Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия министрліктері мен «Самұрық-Қазына» қоры қазан айының соңына дейін «инвестиция орнына тариф» саясатын іске асырудың нақты механизмін ұсынсын», - деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, ол энергетика министрлігі электр және жылу энергиясына «әділ тарифтерді» кезең-кезеңімен белгілеу шараларын қабылдауды жүктеді.
«Әлемдік тәжірибені ескере отырып, көмір жағатын электр станцияларынан зиянды заттарды азайту және оларды кәдеге жарату технологияларын әзірлеп, қолданысқа енгізу қажет», -деді Үкімет басшысы.