Премьер-Министр есірткі бизнесін қанатының астына алған биліктегі адамдарды анықтау үшін ведомствоаралық бөлімше құру қажет деп санайды
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстандағы есірткі бизнесін қанатының астына алған биліктің барлық деңгейіндегі адамдарды анықтау үшін ведомствоаралық бөлімше құру туралы мемлекет басшысына өтініш жасайтын болады.
Ол бұл жайлы бүгін Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мен ведомствоаралық бөлімше құру туралы мемлекет басшысына өтініш жасайтын боламын. Оны қай құрылымның (Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі ? ред.) ішінен құру қажеттігін әлі нақтылаймыз. Біз биліктегі, құқық қорғау органдарындағы, жергілікті биліктегі осы істі (есірткі бизнесі ? ред.) қамқорлығына алған барлық адамдарды анықтауымыз қажет», деді өз сөзінде Премьер-Министр.«Бұл - принципті мәселе. Егер біз осы мәселені шешпейтін болсақ, шекараға қанша сканер қойсақ та, есірткі бәрбір ел аумағына кіретін болады», деп толықтырды сөзін К. Мәсімов. «Егер біздің, арнайы қызметтерді қоса алғанда, жасыл дәлізді қамтамасыз етпегенімізге 100 пайыз сенімді болмаса, онда ірі есірткі сатушылар шекара арқылы тауарларын алып өте алар ма еді?» деп атап көрсетті Үкімет басшысы. Сонымен қатар Үкімет басшысы өзінің орынбасары Серік Ахметовке Ішкі істер министрлігі әзірлеген Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бағдарламаны пысықтайтын жұмыс тобын басқаруды тапсырды. «Барлық ішкі мәселелерді, бюджет, заңнама мәселелерін ескере отырып, бағдарламаны пысықтауға 30 күн уақыт беремін», деді К. Мәсімов. Осы орайда Премьер-Министр мемлекеттік қызметкерлерді және барлық балаларды есірткі тұтынатын ? тұтынбайтынын білу үшін, оларды мәжбүрлі тестілеуден өткізудің еш сөкеттігі жоқтығын атап көрсетті. «Мектептерде есірткі сатады, оны барлығымыз білеміз», деген Үкімет басшысы, билік бұл мәселеге тосқауыл қоюы керектігін, қол қусырып қарап отыра бермеу қажеттігін атап көрсетті.