Премьер-Министр Индустрияландыру картасы аясында жаңа жобаны қолға алуды ұсынды

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов елімізде жаңа жобаны бастауды ұсынды.

Премьер-Министр Индустрияландыру картасы аясында жаңа жобаны қолға алуды ұсынды
«Мен сағатына 100 гиго-калорияға дейін жылу беретін қазандықтарды қайта жабдықтауды қолдаймын. Бұл мәселені шешетін кез келді. Сонау кеңестік заманда салынған қазандықтар 40-50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шыны керек, соның барлығы ескірді. Қазір ондай қазандықтарды қайта жабдықтау қажет. Әсіресе, шағын қалалар мен кенттерде тиісті жұмыстарды жүргізу керек», - деді С.Ахметов. Осы орайда ол көмірі екі есе аз жағылатын жаңа қазандықтардың бар екендігін еске салып: «Осының барлығын Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында қарап, қажет болса, тиісті кәсіпорындарға қолдау жасайық. Олар жаңа қондырғыларды (қазандықтар - авт.) шығаруды бастасын. Соны Индустрияландыру картасына косайық. Негізі, ондай кәсіпорындар үшін ондаған жылдарға жұмыс табылады. Себебі бізде барлық қазандықтардың 80 пайызын қайта жабдықтау қажет», - деді Үкімет басшысы. Осыған байланысты Премьер-Министр ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен ҚР Өңірлік даму министрлігіне тиісті ұсыныстарды даярлауды тапсырды.