Премьер-Министр инфляцияны 2 есеге азайтуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл қорытындысы бойынша инфляцияны 9,5% дейін екі есеге төмендету керек. Ол үшін қажетті құралдардың бәрі бар. Бұл пікірді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министр инфляцияны 2 есеге азайтуды тапсырды

«Сәуір айынан бастап «Инвестиция орнына тариф» саясатын сапалы енгізуді қамтамасыз ету маңызды. Әрбір министр, өңір әкімдері және ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары азаматтардың табысын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құру үшін жүйелі шаралар қабылдауы тиіс», - деді Әлихан Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Үкімет басшысы қоғамды толғандырып отырған әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша тиімді шешімдер табу қажеттігін айтты.

«Ел экономикасының тұрақты және сапалы өсуін қамтамасыз етуге әрбір өңірдің қосатын үлесі маңызды. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуы қажет. Алдымызда тұрған басты міндет – жыл қорытындысы бойынша инфляцияны 2 есеге – яғни, 9,5% дейін төмендету. Бұл үшін қажетті құралдардың бәрі бар», - деді Премьер-Министр.

Ә. Смайылов барлық күш-жігерді Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жұмылдыру керегін атап өтті.

«Қаржылық тәртіпті күшейту және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды. Біз экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу үшін бар күшімізді салуымыз керек. Менің орынбасарларым жетекшілік ететін салалар бойынша нақты үйлестіру мен бақылауды ұйымдастыруы қажет», - деді ол.

Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу керектігін айтқан еді.

Фото: t.me/Kzgovernment