Премьер-Министр инвестициялық жобаларды көрсетілген мерзімде іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды

Ол бұл тапсырманы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы орайда, Үкімет басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды пысықтау үшін аталмыш министрліктің басшысы Әсет Исекешевке Үкіметтің селекторлық кеңесін немесе Экономиканы жаңғырту жөніндегі комиссияның отырысын ұйымдастыруды тапсырды. «Бұл жеке тапсырма. Бұл осы жылдың маңызды мәселелерінің бірі. Іс жүзінде жобалардың барлығы ақшамен қамтамасыз етілді. Мәселе туындайтын болса, шешіңіздер», деді К. Мәсімов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау жөніндегі штабтар туралы ҚР Премьер-Министрі бұйрығының жобасын Үкіметке осы осы аптада енгізуді тапсырды. «Мен оған осы аптаның ішінде қол қоюым керек», деді К. Мәсімов.
Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, 2010 жылы елімізде 134 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Оның 78-і бірінші жарты жылдықта, ал 56-сі жыл соңына дейін аяқталатын болады. Аталмыш инвестициялық жобаларға 800 млрд. теңгеден астам инвестиция салынған. Құрылыс жұмыстарына 16 мыңнан астам адам тартылған. Аталмыш 134 жоба іске қосылуының нәтижесінде 17 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады.