Премьер-Министр қант бағасын реттеуді тапсырды
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қант бағасын реттеуді тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір халық жеміс-жидектен тосап дайындап жатқан кезде бірқатар бөлшек саудада бұл мәселені өз ыңғайларына қарай пайдалануды бастайды. Атап айтқанда, бағаны негізсіз көтеру мәселелері болып жатады. Бағаны көтеру тұрғысында объективті еш себептер жоқ. Бүгінде елімізде қант бар, жинақталған қорда да жеткілікті, көтерме сауда бағалары көтерілген жоқ, ал бөлшек сауда бағаларында өзгерістер байқалуда. Сондықтан бұл мәселені бақылауға алу қажет»,-деді Үкімет басшысы.
Селекторлық кеңестен кейін журналистердің сауалына жауап беру кезінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, бүгінде қант зауыттарының мәліметі бойынша елімізде 117 мың тонна қант бар. Бұл шамамен кем дегенде 3 айлық қорды құрайды. «Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігінде материалдық резервте өткен жылдан бері 20 мың тоннаға жуық қант сақталып жатыр. Осы орайда елімізде қанттың қоры бойынша мәселе туындап отырған жоқ»,-деді министр.
Оның айтуынша, қант зауыттарының мәліметіне қарағанда бір килә қанттың сату бағасы 125 теңгені құрайды. Қант зауыттары өнімді облыстарға өздері жеткізіп отырады. Сондықтан 125 теңге көтерме сауда бағасы барлық облыстарға тән саналады.
«Жалғыз ғана проблема - ол бөлшек саудада туындап отыр. Мәселен, Астанада қанттың киләсі 156 теңге, Алматыда 148 теңге, сондай-ақ жоғары баға Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында»,-деді министр.