Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Астана қаласының №2 сайлау учаскесінде дауыс берді
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін сағат 9:00 кезінде Астана қаласының №2 сайлау учаскесінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар мен мәслихат депутаттары сайлауына дауыс берді.
Аталған сайлау учаскесіне Үкімет басшысы зайыбымен және кіші қызы Сарамен бірге келді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметтерінше, бүгінгі сайлауда Астана мен Алматы қалаларында сайлаушыларға 2 бюллетеньнен ал республиканың қалған аймақтарындағы сайлау учаскелерінде 3 бюллетеньнен беріледі. Бюллетеньдердің бірінде сайлаушылар Мәжіліс депутаттарының сайлауына түсетін саяси партиялардың атауы көрсетілсе, екінші бюллетеньде азаматтар облыстық немесе қалалық мәслихат депутаттары үшін, үшінші бюллетеньде аудандық мәслихат депутаттары үшін дауыс береді.
Естеріңізге сала кетейік, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында құрамында 335 өкілі бар 7 саяси партия өзара бақ сынасуда. Олар «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, Қазақстанның Патриоттар партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның коммунистік халық партиясы, Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы және «Әділет» демократиялық партиясы.
Сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, К. Мәсімов дауыс берген №2 сайлау учаскесіне 13 байқаушы тіркелген. Олардың арасында ЕҚЫҰ, ТМД байқаушылар миссиясының, АҚШ елшілігінің, «Ақжол» партиясының, сондай-ақ бірқатар қағамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Сағат 9:00 кезінде аталған сайлау учаскесінде тіркелген 2 463 сайлаушының 100-ге жуығы дауыс берді.