14:10, 20 Мамыр 2009 | GMT +5
Премьер-Министр Қазақстан кәсіпкерлерінен «Атамекен» одағымен бірлесіп өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру жөніндегі картаға ортақ көзқарастарды енгізуді сұрады
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов еліміз кәсіпкерлерінен «Атамекен» одағымен бірлесіп, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әзірлеп жатқан еліміздегі өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру жөніндегі картаға ортақ көзқарастарын енгізуді сұрады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мен жағдайды пайдалана отырып, Сіздерді «Атамекенмен» бірге өздеріңіздің ортақ көзқарастарыңызды осы картаға (Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру ? ред.) енгізуді сұраймын. Бұл өте маңызды мәселе. Себебі Үкімет картаны бекітіп қойған соң кеш болады. Сондықтан бұл жұмысты қазір, дайындық сатысында жүргізу қажет», - деді Үкімет басшысы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан кәсіпкерлерінің конгресінде бизнесмендерге қаратып айтқан сөзінде. Премьер-Министр бұл уәжін әзірленіп жатқан картада бүгінгі басқосуда талқыланып жатқан барлық жобалар, игі бастамалар толық қамтылмағандығымен түсіндірді. «Менің ойымша, «Атамекен» картаға енгізілетін жобаларды жұмылдыратын және түзететін алаң бола алады», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы. Осы орайда, Премьер-Министр Қазақстан кәсіпкерлерінен өз мүмкіндіктерін жан-жақты қарауды сұрады.