Премьер-Министр келешекте өртке жол бермеу үшін әлеуметтік саланың барлық нысандарына кешенді тексеру жүргізуді тапсырды
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов келешекте өртке жол бермеу үшін еліміздегі әлеуметтік саланың барлық нысандарына тексеру жүргізуді тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жүйелі шаралар бойынша барлық әкімдерге, тиісті минстрліктер мен ведомстволарға келешекте өртке жол бермеу үшін әлеуметтік саланың барлық нысандарына кешенді тексеру жүргізуді тапсырамын. Егер бұған қандай да бір ресурстар қажет болса, оны қарастыру керек», деді отырыста Үкімет басшысы.
Премьер-Министр қазір посткеңестік кеңістіктегі елдерде өрт оқиғалары жиілеп кеткенін айта келе, «Бұған мұқият қарау керек. Әдетте қай жері жіңішке болса, сол үзіліп жатады», деді. Осы орайда ол еліміздегі әлеуметтік саланың барлық нысандарының жай-күйін тексеру үшін жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін атап көрсетті. «Серік Нығметұлы осы жұмысты үйлестіруді сізге тапсырамын. Ұсыныстар енгізіп, оны жүйелі шешу керек. Әкімдер бұл мәселені тұрақты бақылауға алулары тиіс», деді К. Мәсімов.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы бұл оқиғаны бақылауға алып отырғанын атап көрсетті.