Премьер-Министр Кеңсесінің жанынан Орталық коммуникациялар қызметі құрылды
АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің жанынан Орталық коммуникациялар қызметі құрылды.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің жаңа ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті.
«ҚР мемлекеттік органдарының трансфаренттілігін арттыру және биліктің жұмысы жөнінде жұртшылыққа толыққанды ақпарат беру мақсатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Премьер-Министр Кеңсесінің жанынан Орталық коммуникациялар қызметі құрылып, Үкіметтің ресми өкілі тағайындалды»,-деді бүгін БАҚ өкілдерімен ұйымдастырылған брифинг барысында Е. Ашықбаев.
Оның айтуынша, Орталық коммуникациялар қызметінің мақсаты -мемлекеттік органдардың ақпараттық кооперациясын арттыру арқылы бұқаралық ақпарат құралдарымен жұртшылыққа мемлекеттік органдардың ресми ұстанымын қолма-қол жеткізу.
«Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар мен коммуникациялардың дамуына, сондай-ақ мемлекеттік және қалалық бағдарламалардың орындалуын бақылауда қоғам рөлінің артуына өз септігін тигізеді деп сенеміз»,-деді ресми өкіл.