Премьер-Министр медициналық жабдықтарды бірыңғай сатып алуды және лизингтеуді енгізу жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық жабдықтарды бірыңғай сатып алуды және лизингтеуді енгізу жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Премьер-Министр медициналық жабдықтарды бірыңғай сатып алуды және лизингтеуді енгізу жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды

Ол бұл тапсырманы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде  Индустрия және сауда министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «СК-Фармация» ЖШС-мен бірлесіп дайындауды жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Премьер-Министрдің атап көрсетуінше, медициналық жабдықтарды бірыңғай сатып алуды және лизингтеуді енгізу  Қазақстанның жеке медициналық жабдықтарын өндіруді дамыту үшін қажет. «Сондықтан бір айдың ішінде - біз сіздерден қайда және қашан нақты құрылыстарды бастай аламыз деген нақты ұсыныс күтетін боламыз», деді Үкімет басшысы құзырлы органдардың басшыларына қаратып айтқан сөзінде.  

Өз кезегінде «СК-Фармация» ЖШС-нің Бас директоры Вадим Зверьков егер медициналық жабдықтарды орталықтандырып сатып алу жөніндегі функция оның құрылымына берілетін болса, онда компанияға бұл жұмысқа дайындалуға уақыт қажеттігін айтты.  Оның сөзіне қарағанда, медициналық жабдықтарды бірыңғай сатып алу және лизингтеу үдерісіне 2010 жылы дайындалып, оны  2011 жылдан бастауға болады.