Премьер-Министр Өзенмұнайгаздағы еңбек дауларын тексерудің аралық қорытындысын мәлім етті
«Бүгінгі таңда еңбек ұжымдарындағы жағдай тұрақты, компаниялар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Тендерлік рәсімдерді өткізудің ашықтығы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуы, мұнай сервистік компаниялардың қызметін тексеру, еңбек заңнамасын сақтау, жұмысқа орналастыру мәселелерін қамтитын талдау жүргізу мақсатымен құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылды», - делінген жауапта.
Жауапта берілген анықтама дерегі бойынша жұмыс тобының құрамына кіргендердің жалпы саны 120 адам болған.
«Тексеру барысында ҚМГ компаниялар тобының мұнай сервистік кәсіпорындары және «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен (бұдан әрі – ӨМГ) шарттық қатынастары бар өзге мердігер ұйымдар қамтылды. Жұмыс тобы мұнай сервисі кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырды, жұмыскерлердің ұсыныстары тіркелді, еңбек жағдайлары, цехтардың, жабдықтар мен техниканың жай-күйі және т.б. зерттелді. Бүгінгі таңда кездесулердің нәтижелері бойынша 2995 жолданым талданды», - деп жазады Үкімет басшысы.
Аталған жолданымдарды мынандай 9 санатқа бөліпті: өндіріс; сатып алу/жабдықтау; HR адами ресурстар; еңбекті қорғау; қоршаған ортаны қорғау; қаржылық, әлеуметтік мәселелер, (IR) мердігер ұйымдармен өзара іс-қимыл және басқалар.
«Сонымен қатар Бас прокуратура 23 сәуірде «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ ҚМГ-ның және олардың еншілес кәсіпорындарының тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алуды кешенді талдау бойынша арнайы топ құрды.
Бүгінгі таңда Бас прокуратура мен жұмыс тобы аталған іс-шаралар бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Бұдан басқа, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу, еңбек жанжалдарын шешу және оларға жол бермеу тетіктері бойынша талдау жүргізу және ұсыныстар әзірлеу, елдің барлық өңірлерінде сапалы және атаулы түсіндіру-профилактикалық жұмысты қамтамасыз ету мақсатында Премьер-Министрдің өкімімен арнайы жұмыс тобы бекітілді. Арнайы жұмыс тобының құрамына депутаттар, уәкілетті орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Қордың, ҚМГ мен кәсіподақтар қауымдастығының өкілдері кірді», - деп жазылған жауапта.