17:47, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Премьер-Министр сандық теледидарды дамыту мәселесі жөнінде ұсыныстар беруді тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Ақпараттандыру және байланыс агенттігіне Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп сандық теледидарды дамыту жөнінде ұсыныстар беруді жүктеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Сіздер Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп алдағы алқа мәжілісінде (министрліктің) сандық теледидарды дамыту жайын не істейміз деген сауалға жауап беріп, өз ұсыныстарыңызды айтуларыңыз қажет. Бұл маңызды мәселе. Бұрыннан ол жайында біз айтарлықтай әңгіме қозғап та жүрміз. Бұл мәселеге нүкте қойып, қандай да бір нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті», деді бүгін Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысы.