Премьер-Министр тау-кен металлургия кәсіпорындарының басшыларын өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне жіті назар аударуға шақырды
А. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов еліміздегі тау-кен металлургия кәсіпорындарының басшылығын өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ондағы тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңартуға шақырды.
Премьер-Министр бұл ойын бүгін Астанада өтіп жатқан тау-кен металлургия қызметкерлерінің ІІ съезінде білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-Министрдің айтуынша, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ондағы тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңарту үшін инвестиция салу мәселесі кәсіпорындардың меншік иелері мен басшыларының басты назарында болуы тиіс.
«Мүмкін бұл мәселе бойынша салықтық ынталандыруға назар аудару керек шығар. Немесе басқа да тұстарды қараған жөн», деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, егер қазірден бастап өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне немқұрайды қарайтын болсақ, оған инвестиция салмасақ бұл проблема алдымыздан шығады да тұрады.