Премьер-Министр тиімсіз бюджет шығыстарын қысқарту тәсілдерін 2 аптада жариялауды тапсырды
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы орта мерзімді кезеңде экономиканы дамыту жоспарын 15 мамырға дейін дайындауды тапсырды. Жоспарды дайындау бойынша Ұлттық экономика министрліігі ұсынған жұмысты ұйымдастыру тәсілдерімен жалпы келісемін», - деді ол.
Сонымен қатар Асқар Мамин Мемлекет басшысы тиімсіз бюджет шығыстарын, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың да шығыстарын қысқартуды тапсырғанын атап өтті.
«Осыған орайда министрлер мен әкімдерге, ұлттық компаниялардың басшыларына бір апта мерзімде Қаржы министрлігіне ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Қаржы министрлігі 2 аптадан кейін тиімсіз бюджет шығыстарын қысқарту бойынша әзірленген тәсілдер туралы Үкімет отырысында баяндасын», - деді Премьер-Министр.