Премьер-Министр трансшекаралық өзендердің жағдайы бойынша мәлімет алмасуды жетілдіруді тапсырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов министрліктерге трансшекаралық өзендердің жағдайы бойынша мәлімет алмасуды жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндай тапсырманы Әлихан Смайылов Үкімет отырысында көктемгі тасқынға дайындық мәселесі бойынша айтты.
«Индустрия министрлігі мен әкімдіктерге су тасыған кезде жолдардың, көпірлер мен бөгеттердің дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды үйлестіруді және олардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етсін», -деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол аталмыш ведомствоға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бірлесіп, трансшекаралық өзендердегі жағдай туралы көршілес мемлекеттермен өзара мәлімет алмасуды ұйымдастыруды тапсырды.
«Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдермен бірге жедел штабтар құруды, тасқын қаупі туындаса, халықты уақытылы хабардар етуді қамтамасыз етсін. Аталған мәселе бойынша жұмысты үйлестіру Роман Васильевичке жүктеледі», -деді Премьер-Министр.