Премьер- Министр жеміс-жидектер мен көкөністерді сырттан әкелетін 20 ірі компанияға тексеру жүргізуді тапсырды

АСТАНА. Қарашаның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Бәсекелестікті қорғау агенттігіне, салық және кеден қызметтеріне елімізге  жеміс-жидектер мен көкөністерді сырттан әкелетін 20 ірі импортшыға бірлесіп тексеру жүргізуді тапсырды.

Премьер- Министр жеміс-жидектер мен көкөністерді сырттан әкелетін 20 ірі компанияға  тексеру жүргізуді тапсырды

Ол бұл тапсырманы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, Қазақстанға сырттан тасымалданатын жеміс-жидектер мен көкөністердің 47 пайызы 20 ірі импортшылардың үлесінде. Оның 10-ы жеке кәсіпкерлер болса, бұлардың 7-еуі Алматы облысының Панфилов ауданында тіркелген. Бұл ретте бюджетке түсетін салықтардың 98 пайызы импорттаушы заңды тұлғалардың үлесіне тисе, ал небәрі 1,8 пайызы жеке тұлғалардың, яғни  жеке кәсіпкерлердің үлесінде екен. «Импортталатын өнімдердің 47 пайызы 20 ірі импортшының үлесінде. Бізде жергілікті атқарушы органдар өзара әрекеттесе алатын  ірі кәсіпкерлердің субьектілері, заңды тұлғалар бар. Бұл ретте бұл импортшылар еліміздің аумағы бойынша өздерінің жүктерін тасымалдауда қорғансыз дегенге күмәнім бар», деді министр.