Премьер-Министрлер деңгейінде «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» экономикалық форумы басталды

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» халықаралық бірінші экономикалық форумының пленарлық сессиясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға қатысу үшін Қырғызстан Президентінің «Ала-Арша» резиденциясына Орталық Азия елдерінің Үкімет басшылары келді.

Атап айтқанда, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы экономикалық байланысты нығайту басым бағыттарының бірі болып отыр.

Форум қатысушыларға тараптардың табысы мен игілігі үшін тұрақты экономикалық даму саласындағы Орталық Азияның басым қажеттіліктерін талқылауға мүмкіндік береді. Іс-шараның үш негізгі тақырыбы – экологиялық тұрғыда таза экономика, цифрландыру және іскерлік ортаны жақсарту.

Сондықтан, бірінші бетпе-бет «ЕО-Орталық Азия» экономикалық форумы 2021-2027 жылдарға арналған жаңа бағдарлама цикліне сәйкес Еуропалық жасыл бағдар, ЕО цифрландыру жоспары, Еуропалық Одақтың аймақтық және екіжақты бағдарламалары сияқты іске асырылып жатқан ЕО бастамаларын ескере отырып, осы үш саладағы қиындықтар мен мүмкіндіктерді талқылауға бағытталады. Жиын барасында жеке сектор ұсынатын бастамалар мен технологиялық шешімдер де талқыланбақ.

Бүгінгі форумға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Тәжікстан Премьер-Министрінің орынбасары Усмонали Усмонзода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Чары Гылыджов, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Тери Хакала, Еуропалық комиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис қатысып жатыр. Аталған жиынға онлайн-режимде Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен қосылады деп күтілуде.

Сонымен қатар форум аясындағы сессия жұмысына Орталық Азия елдерінен келген жеке сектор өкілдері, министрлер еуропалық қаржы институттарының мамандары маңызды тақырыптарда талқылау өткізеді.

Осы орайда олар іскерлік ортаны жақсарту, цифрландыру, экология мәселелері бойынша пікір алмасады.


Соңғы жаңалықтар