Премьер: Жеке адамдардың табысқа кенелуі жалпының мүддесіне зиян келтірмеуі керек
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасын белгілеу тәсілі неге қолданыстан шыққанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі жиында бағаны қолдан тежеу тәсілінен бас тарту керектігі туралы да айтылды. Біз бағаны жоғарыдан бекітуге болмайды деген ұстаныммен ішінара келісеміз. Өйткені бұл нарықтан тыс тәсіл. Біз шекті бағаларды пайдаланудан бас тарттық. Өйткені мұндай тәсіл ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретін ерекше жағдайларда ғана болуы мүмкін деп санаймыз. Қазір біз нарық ынталандыру шараларын көбірек қолдана бастадық. Бұл – айналым схемасы, форвардтық сатып алу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан көретін табыстың мөлшерін белгілеу, бағаның негізсіз көтерілмеуін бақылау, субсидиялау, қарсы міндеттеме сияқты шаралар. Мұндай нарық әдістерін бәрібір қолдануымыз керек. Иә, біз атаулы көмек көрсетуді жалғастырамыз. Оны жыл сайын көбейтіп отырамыз. Бірақ тұтастай алғанда, инфляциялық фонға әсер ететінін де ескеруіміз қажет», - деді ол.
Үкімет басшысының айтуынша, кейбір жосықсыз кәсіпкерлер, әсіресе көтерме бағамен жеткізушілер, салықтан жалтарып, қосымша маржа табу үшін түрлі амалдарға барады.
«Қант нарығында болған жағдайда біз сондай құбылысқа куә болдық. Жеке адамдардың табысқа кенелуі жалпы халықтың мүддесіне қайшы келмеуі керек. Ондайға жол бермеуіміз керек», - деді Әлихан Смайылов.
Фото: primeminister.kz