Премьер-министр 5G жекеменшік желілерін енгізу үшін басым салалар мен кәсіпорындарды айқындауды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — 5G жекеменшік желілерін экономика секторларында кеңінен қолдануды қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Премьер-министр 5G жекеменшік желілерін енгізу үшін басым салалар мен кәсіпорындарды айқындауды тапсырды
Фото: Kazinform/ЖИ

— 5G желілерін дамыту тек мобильді интернет жылдамдығын арттырумен шектелмей, нақты экономикалық нәтиже беруге тиіс. Қазірдің өзінде өнеркәсіп орындарында 5G жекеменшік желілерінің жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл технологиялар пилотсыз техниканы енгізуге, өндірісті автоматтандыруға және жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда әзірге мұндай шешімдер жекелеген нысандарда ғана қолға алынған. Оларды өнеркәсіпте, көлік саласында және экономиканың басқа да секторларында кеңінен қолдануды қамтамасыз ету қажет, — деді Олжас Бектенов.

Осы орайда Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 5G жекеменшік желілерін енгізу үшін басым салалар мен кәсіпорындарды айқындауды тапсырды.

— Бүгінде операторлар байланыс желілерін белсенді түрде кеңейтіп жатыр. Алайда салынған инфрақұрылымның мүмкіндіктері толық көлемде пайдаланылмай отыр. Жасанды интеллект базалық станциялар арасындағы жүктемені неғұрлым тиімді бөлуге, шамадан тыс жүктемелердің алдын алуға және пайдаланушылардың белсенділігі ең жоғары кезеңдерде де интернеттің тұрақты жылдамдығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай технологияларды енгізу азаматтар үшін нақты нәтиже беруі қажет. Атап айтқанда, тұрғын аудандарда, қоғамдық орындарда және адамдар көп жиналатын нысандарда байланыс сапасы жоғары болуға тиіс, — деді ол.

Сондықтан Үкімет басшысы байланыс операторлары жекелеген пилоттық жобалармен шектелмей, барынша тиімді шешімдерді кеңінен қолдануы керектігін айтты.

— Жасанды интеллект министрлігі үш ай мерзімде телекоммуникациялық желілерде жаңа технологияларды енгізу мен ауқымын кеңейтудің тиісті жоспарын бекітсін. Жалпы, телекоммуникациялық инфрақұрылым озық қарқынмен дамып, Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру үшін негіз қалауға тиіс. Жұмыстың басты нәтижесі — азаматтар, бизнес және мемлекеттік сервистер үшін олардың орналасқан жеріне қарамастан сенімді әрі сапалы байланысты қамтамасыз ету. Мемлекет пен байланыс операторларының күш-жігері дәл осы мақсатқа бағытталуға тиіс, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мобильді байланыс нашар аумақтардағы кемшіліктерді жою мерзімдерін белгілеуді тапсырды.