Премьер-Министр депутаттардың ескертулеріне пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Депутаттардың ұсыныстары Үкіметтің жұмысында ескеріледі. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов айтты.
«Бүгін айтылған ұсыныстар мен ескертулеріңізге, қойған сұрақтарыңызға алғысымды білдіремін. Осының барлығын жазып алдым. Айтылған мәселелердің барлығы біздің алдағы жұмысымызда ескеріледі. Жалпы, Парламенттің де, Үкіметтің де мүддесі бір, мақсаты ортақ – ол халқымыздың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттігімізді нығайту, еліміздің өркендеуіне жағдай жасау. Оған қол жеткізу үшін баршамыз Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндеттерді орындауымыз қажет. Егер Парламент, Үкімет және басқа билік тармақтары бірлесіп жұмыс істесе, біз барлық тапсырманы орындаймыз деп сенемін. Қиындықтардың бәрінен өтеміз. Сондықтан Үкімет сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», - деді О. Бектенов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын қабылдады.
Отырыс барысында Премьер-Министр тасқыннан зардап шеккендер биыл жаңа баспанасына толықтай қоныстанатынын айтты.