Премьер-Министр маймыл шешегіне қатысты әуежайларда бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды

Алматы әуежайы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты түсінік берді.

«Маймыл шешегінің 2022 жылдың мамыр айынан бастап жаппай таралуы тіркелгеннен бері індет жұқтырудың 99 мыңға жуық жағдайы расталды, оның ішінде 189 адам қайтыс болды. Эндемиялық елдердің қатарына Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы кіріп отыр. Қазір еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты, инфекцияны жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ», — деді Е. Нұрлыбаев. 

Оның айтуынша, індет бойынша тәуекелдерді бағалау жүйелі түрде атқарылып жатыр. Оның ішінде көршілес елдердегі эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізіледі. Африка елдерінен, сондай-ақ осы инфекция деректері анықталған басқа елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады.

«Қазір мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Осы инфекцияны жұқтырған науқастар анықталған жағдайда әрекет ету үшін медициналық қызметтердің жұмыс алгоритмі әзірленді. Дәрілік заттардың қажет көлемін қалыптастыру шаралары қабылданды. Медицина қызметкерлерін диагностикалық және емдеу әдістеріне қайта оқыту іс-шаралары жергілікті жерде атқарылып жатыр», — деді вице-министр.

Өз кезегінде Премьер-Министр Олжас Бектенов Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір дерегі анықталмағынын айтты.

«Алайда, арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды арық қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын. Бұл әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты», — деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар
telegram