Премьер-Министр Олжас Бектенов Эркин Туниазбен кездесті

АСТАНА. KAZINFORM - Премьер-Министр Олжас Бектенов «ҚР-ҚХР сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбындағы экспорттаушылардың екінші форумына қатысу үшін Астанаға келген ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниазбен кездесті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бектенов
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Келіссөз барысында Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 

Олжас Бектенов
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $31,5 млрд болды.Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы еліміздің төрт облысымен шектеседі. ҚХР-дың жалпы тауар айналымының 64%-дан астамы немесе $20,3 млрд-ы автономиялық ауданның үлесіне тиесілі.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың нығайып жатқанын атап өтті. 2005 жылдан бастап ҚХР-дан инвестициялардың жалпы ағыны $25 млрд-қа жуықтады.  Өткен жылдың 9 айында тікелей қытайлық инвестициялар көлемі 37%-ға өсті. Бүгінгі таңда 45 екіжақты жобадан тұратын тізімнің жалпы инвестициясы $14,5 млрд-тан астам соманы құрайды.


«Арадағы өзара іс-қимылдың маңызды бағыты – жаңа бірлескен өнеркәсіптік жобаларға негізделген, оның ішінде мұнай химиясы және металлургия салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту», - деді Олжас Бектенов.

 Ол сондай-ақ сауда қатынастарын әртараптандыру әлеуеті зор екенін атап өтті. Келіссөз барысында Олжас Бектенов пен Эркин Тунияз өзара іс-қимылды дамытудың мүмкіндіктері ретінде транзиттік көлік, мәдени және өңіраралық бағыттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және туризм салаларын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар