Премьер-министр Талапкер ауылын сумен қамтамасыз ету туралы: Бөлінген ақша игерілмей, кері қайтарылды

Премьер-Министр
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысындағы Талапкер және Қажымұқан ауылдарын сумен қамтамасыз ету жобасы созбалаңға салынып кеткенін сынады.

«Кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатқанын жақсы білеміз. Кей жерлерде ауыл ішіндегі желілер дайын болғанмен, қажетті су көзі жоқ. Мысалы, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында осындай жағдай қалыптасып отыр. Яғни, ауыл ішінде желілер тартылған, ал Кенжебай және Рақымжансай топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында», - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, аталған жобаға бөлінген қаражаттың басым бөлігі бюджетке қайтарылған.

«Жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты былтыр бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды. Бұл ретте, суды жіберген кезде олардың ішкі желілері қандай күйде болады деген орынды сұрақ туындайды. Болмаса жөндеу жүргізіп, қосымша шығыстар талап етіледі. Бұл – дұрыс жоспарламаудың салдары. Ақмола облысының әкіміне аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін Өнеркәсіп және Су ресурстары министрліктері жобалардың іске асырылу барысын апта сайын бақылап, бұзушылықтар анықталған жағдайда маған тікелей баяндаулары қажет, - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар