Премьер-министр жер үйлердің қауіпсіздігі туралы: Екі күннің бірінде өрт

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жер үйлердегі өрттің азаймай тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

Олжас Бектенов
Фото: ҚР Үкіметі

«Жылу беру кезеңі енді ғана басталды. Ал, еліміздің тұрғын үй секторында екі күннің бірінде өрт шығады. Пеш жағу кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан бір айда 130-дан астам өрт тіркелген.

Сондай-ақ иіс тиіп уланған жағдайлар жиілеп кетті. Қаза тапқандар да бар. Оқыс жағдайларды барынша азайтпасақ болмайды», - деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, қыс пен күзде өрттің 50%-ға жуығы пеш пен мұржалардағы ақаулардан келеді.

«Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс. Тек ұсыным берумен ғана шектелуге болмайды. 

Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері мен әкімдіктер бұл бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейтуі қажет», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар