Премьер-министрдің орынбасары ҚҚС бойынша шешім қабылдау мерзіміне түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығы бойынша шешім қабылдау мерзіміне түсінік берді.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер ҚҚС-ты көтеру бастамасын кім жасағанын сұрады. Өз кезегінде С.Жұманғарин бұл бастама Үкімет жағынан ұсынылғанын айтты.
- Биылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасадым, бәрін анық айттым. Менің баяндамамда 20 пайыз туралы бір сөз айтылған жоқ. Қазір бизнес өкілдерімен, сарапшылармен, өз арамызда пікір алмасу болып жатыр. Содан кейін Үкімет өзінің шешімін қабылдап, Парламентке енгізген кезде мәлім болады. Президент ірі бизнес өкілдерімен кездеседі. Содан кейін мен «Атамекен» алаңына шығып, бұл тақырып бойынша түсінік беремін. Келесі аптадан бастап алты жұмыс тобы бүкіл өңірге сапармен барады. Өңірлерде бизнес өкілдерімен кездесеміз. Оның арасында мәслихат депутаттары да бар. Олармен бәрін талқылаймыз. Содан кейін пікір алмасып, шешім қабылдаймыз, - деді С.Жұманғарин.
Оның айтуынша, қазір ҚҚС-тің деңгейіне қатысты нақты айту ерте. Бұл тұрғыда тілшілер қосымша құн салығына қатысты шешім қабылдау мерзімін сұрады.
- Жақында болған баспасөз мәслихатында шамамен айтқан едім. 20 ақпанға дейін Парламент Мәжілісіне енгізуіміз керек. Себебі онда қазір Салық кодексін толықтыруға қатысты заң жобасы жатыр. Соған біздің түзетулеріміз қосымша болады, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Еске салсақ, жақында Серік Жұманғарин қосымша құн салығы шегін неліктен көтеру қажет екенін түсіндірді.
Үкімет қосылған құн салығын 20 пайыз көтеру деген шешімге әлі нақты келген жоқ.