Президент 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлу керек. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ. Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «жасыл» экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін тиісті ресурстар керек екенін айтты

«Еліміз «жасыл» экономиканың мол мүмкіндіктерін ұсынып, қайта қалпына келтірілетін энергетиканың орталығы атана алар еді. Алайда уақыт біздің жағымызда емес. Көмірді аз тұтыну және «жасыл» экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін бізге ресурстар мен серіктестік байланыс қажет», - деді Президент.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордадағы Конгресс орталықта Астана халықаралық форумы жұмысын бастады.

Форум климаттың өзгеруіне, азық-түлік тапшылығына және энергетикалық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастыру мақсатында шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогіне арналған алаң болмақ.


Соңғы жаңалықтар
telegram